Алматы. 4 тамыз. BM.KZ – Алматыда құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар кезінде жалған мәлімет қолданған адамдар тобына қатысты тергеу басталды. Бұл туралы ҚМА мәлімдеді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021–2024 жылдары күдіктілер жалған компаниялар арқылы тендерлік рейтингтерін көтеріп, қолдан жасалған құжатпен ірі жобаларды жеңіп отырған.
Ұйымдастырушылар бұл «қызмет» үшін 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін сыйақы алған. Заңсыз табыс 664 млн теңгеден асып, бұл қаражатқа күдіктілер 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік сатып алған көрінеді.
Тергеу болжамы бойынша, күдіктілер жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық келісімшарт жасаған.
«Тергеу болжамы бойынша, заңсыз әрекеттердің нәтижесінде бірқатар ұйымдармен жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық келісімшарттар жасалған. Төрт күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды», — дейді ҚМА Алматы қаласы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
