Астана. 5 тамыз. /Әсел Мәлік/ BM.KZ – Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Канадада өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы Монреаль турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Ширек финалда әлемнің 28-ракеткасы Марта Костюкпен кездескен қазақстандық спортшы бірінші сетте қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады – 6:1 есебімен басым түсті. Ал екінші партия кезінде есеп 2:1 болғанда украиналық теннисші матчты жалғастырудан бас тартты.
Ойын небәрі 53 минутқа созылды дейді Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі.
«53 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина эйс жасамағанымен, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланып үлгерді», – деп жазылған Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі таратхан хабарламада.
Енді Елена финалға шығу үшін 18 жастағы жергілікті теннисші, әлемнің 85-ракеткасы Виктория Мбокомен кортқа шығады.
