Астана. 5 тамыз. /Ербол Тұрымбет/ BM.KZ – Биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан Қытай автокөліктерін импорттаушы елдердің қатарында үздік ондыққа кірді. Қытайдың автокөлік ақпарат платформасы Yiche жариялаған деректерге сүйенсек, қаңтар-маусым айларында біздің ел Қытайдан 77 600 автокөлік сатып алған. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі еседен астам артық.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай қарқынды өсімге Қытай автокөліктерінің қолжетімділігі мен жаңа модельдерге сұраныстың артуы әсер еткен. Жалпы, осы кезеңде 3,08 миллион автокөлікті шетелге экспорттап, 10,4 пайыздық өсімге қол жеткізген. Оның ішінде электрлі көліктердің үлесі ерекше – 1,06 млн-ға дейін, яғни 75%-ға ұлғайған.
Қазақстан көрші елден автокөлік импортын арттырған елдер қатарында оныншы орынға тұрақтады. Рейтингтің алғашқы орындарында Мексика, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресей тұр. Мексикаға экспорт 31%-ға өссе, Ресейге экспорт керісінше, 59%-ға төмендеген.
Қазақстанның Қытайдан автокөлік сатып алу көлемі алдағы уақытта да өсе түсуі мүмкін. Өйткені Қытайдың BYD, Chery, Geely сияқты ірі өндірушілерінің қолжетімді және заманауи модельдері жергілікті нарықта сұранысқа ие бола бастады.
