Алматы. 5 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – Антиядролық қозғалыстың белсендісі әрі қоғам қайраткері, 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол, әйел адамға қол жұмсады деген күдікке ілінді.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, зейнеткерге ҚР ҚК-нің 107-бабы, яғни, «Денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Дене жарақатының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша кешенді тергеу шараларынан кейін процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Алматы қаласының ПД.
Айта кету керек, аталған бапқа сәйкес, 3 932 000 теңгеге дейін айыппұл немесе, 600 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Сонымен қатар, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, Амантай қажы 16 шілде күні дүкен алдында әйелді баспалдақтан итеріп жіберген еді. Соның салдарынан, жәбірленуші дене жарақатын алған болатын.
