Астана. 6 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – Алматы облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді.
Алматы облысында көші-қон заңнамасын өрескел бұзған қылмыстық топтың жолы кесілді. Арнайы жедел іс-шаралар нәтижесінде, шетел азаматтарының қатысуымен ұйымдастырылған заңсыз көші-қон арнасы анықталды.
Тергеу барысында топ мүшелері, Қазақстан аумағына шетел азаматтарын заңсыз кіргізу және транзиттік өткізу, құжаттарын заңсыз заңдастырумен айналысқаны белгілі болды. Бұл қызмет үшін олар, әрбір мигранттан 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған.
«Арнайы іс-шаралар барысында ұсталғандардан ондаған шетелдік төлқұжат, медициналық сақтандырулар, жалған құжаттар, сондай-ақ есірткі заттары мен діни әдебиеттер тәркіленді. Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, алаяқтық және есірткі құралдарын заңсыз сақтауға қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп жазылған ІІМ хабарламасында.
