Астана. 6 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – UFC жекпе-жектеріне шығып жүрген Шавхат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол-көлік оқиғасына қатысты куә ретінде танылды. Бұл туралы Halyqtan telegram-арнасы хабарлады.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апатына қатысты толыққанды анықтау жұмыстары жүргізілген.
«Жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу аясында болған оқиғаның шынайы мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазір азаматша қорғану құқығы бар куә ретінде жауап алынды. Ол, қазіргі таңда Алматы қаласындағы ауруханада жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша, заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Еске сала кетейік, жол апаты Мойынқұм ауданындағы тас жолда орын алған. Танымал спортшының жұбайы құрбыларымен және балалармен бірге Алматыдан келе жатқан. Өкінішке қарай, апат салдарынан екі әйел қаза тапты.
