Астана. 7 тамыз. BM.KZ – Биыл Қазақстанда ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осыған орай, Ұлттық статистика бюросы оның есімімен байланысты қызықты статистикалық дерек жариялады.
Елімізде Абай есімді 18 763 адам тұрады. Бұл есім иелерінің басым бөлігі Астанада (2 089 адам), Түркістан облысында (2 018) және Алматы қаласында (1 719) тұрады.
Абай есімді ең егде тұрғын 1932 жылы дүниеге келген. Бұл есім – 30-34 жас аралығындағыларда көп таралған, олардың саны – 3 228 адам. Биылғы бірінші жарты жылда туған 157 нәрестеге Абай есімі берілген.
Бұл есім қыз балаларға да қойылған, Қазақстанда Абай есімді 10 әйел тіркелген. Ибраһим (Ибрагим, Ибрахим) есімді азаматтардың саны елімізде 35 404 адам.
Ақынның құрметіне елімізде 1 облыс, 1 қала, 3 аудан және 26 ауылға ұлы тұлға есімі берілген екен.
