Шымкент. 8 тамыз. /Диана Ыдырыс/ BM.KZ – Компания ұшақтарының қозғалтқыштары қиын жағдайға тап болған, оларды ауыстыру 1 жарым жылға дейін созылуы мүмкін.
Air Astana 2025 жылдың екінші тоқсанындағы қаржылық нәтижелерін жариялады. Компанияның таза пайдасы $10,7 млн құрады. Ал табыс 12%-ға өсіп, $658 млн-ға жеткен. Дегенмен бұл жағымды жаңалықтың артында алаңдататын жайт бар. Әуе компаниясының кейбір ұшақтары қозғалтқыш ақауларына байланысты рейстерге шыға алмай отыр. Бұл жөнінде FlightGlobal салалық басылымы жазды.
Мәселе заманауи Pratt & Whitney қозғалтқыштарында. Олар Airbus A320neo ұшақтарының басым бөлігіне орнатылған. Бұл қозғалтқыштарда өндірістік ақаулар анықталған көрінеді. Атап айтқанда, құрылғының бөлшектерінде микрожарықтар пайда болған. Сондықтан оларды шұғыл ауыстыру қажет. Проблема жаһандық сипат алған және бұл жағдайдан Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы да сырт қалмады.
Бір қозғалтқышты ауыстыруға 18 айға дейін уақыт кетеді. Себебі зауыттар тапсырыстар көлемін игере алмай отыр. Соның салдарынан кейбір ұшақтар уақытша рейстерден алынып тасталған. Әсіресе сұраныс артқан маусымаралық кезеңде мұндай шара көбірек қолданылып отыр.
Air Astana бұл қиындықты еңсеру үшін жыл ортасына қарай 13 қосалқы қозғалтқыш жинап үлгерген. Оларды тозғандарының орнына ауыстырып жатыр. Алайда, кей жағдайда әлі де рейстердің кешігуі мен үзілістер болып тұрады.
Қазір ұлттық әуе тасымалдаушысының паркінде 61 әуе кемесі бар. Олардың қатарында үш Boeing 767-300ER ұзақ магистральды ұшағы және бірнеше жаңа Airbus A320neo кіреді. Оардың алтауы осы жылы ғана флотқа қосылған.
Аталған 61 ұшақтың 34-і Air Astana компаниясына тиесілі болса, қалған 27-сі FlyArystan лоукостерінің қарамағында.
