Астана. 11 тамыз. BM.KZ – Президент тапсырмасымен елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтердің бір бөлігі Абай облысының сумен қамту жүйесін дамытуға бағытталды. Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан өңірге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
Бұл қаражатқа 21 жоба іске асырылмақ. Оның жетеуі Семей қаласында жүзеге асырылып жатыр. Қалғандары ауылдық жерлерде орындалады. Атап айтқанда, Бородулиха, Үржар және Абай аудандарында су желілері тартылмақ.
Жобалардың мақсаты – тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру, коммуналдық қызметтерді қолжетімді ету және инфрақұрылымды жаңарту. Барлық нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегі бойынша, Семей қаласында халықтың 95,5%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, ал облыс ауылдарында бұл көрсеткіш 95%-ға жеткен.
