Астана. 11 тамыз. BM.KZ – Кәмелетке толмаған балаға жыныстық сипатта зорлық көрсетті деп күдіктелген адам Ресей Федерациясынан елге әкелінді.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың қарашасында Қостанай облысында ер адам ата-анасымен таныс жасөспірімнің пәтеріне келген. Жәбірленушімен жалғыз қалған сәтте оның жасы мен психикалық ауруын біле тұра, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Қылмыстан кейін күдікті Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Ол халықаралық іздеуде болып, өткен жылы Ресейдің Челябі облысында ұсталған. Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған.
Қазір күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Заң бойынша, оның әрекеті үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
