Астана. 11 тамыз. /Нұргүл Ерғалиқызы/ BM.KZ – Әскери тікұшақ экипажының командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың жаназасы Түркістан облысы, Төле би ауданы, Сұлтанрабат ауылында шығарылды. Қара жамылған отбасы оның мәйітін туған жеріне қойды. Марқұмды жерлеу кезінде әріптесері оқ атып, әскери оркестрмен шығарып салды.

Марқұмның артында етегі жасқа толған анасы мен бауырлары және 3 жарым жастағы ұлы қалды. Олар, азаматтың естеліктерімен бөлісіп, жүрегі қан жылағандарын жеткізді.
«Жастайынан әскери қызметкер болуды армандап еді. Үй ішімізбен бәрімізді тәртіппен жүргізетін, кішкентай болса да басшым еді ғой. Ақылшым, данышпаным, қамқоршым балам еді ғой. Аспанда қалықтап жүруді бала кезден армандады ғой. «Мама, мен аспанға ұшсам құстай қалықтаймын, білесіз бе?» деп келген сайын айтып отыратын. «Рақаттанамын, осы жұмысым ұнайды» дейтін еді. Жаным, жарығым! Жұлдыздай жарқ етіп, сөніп қалды ғой, балам!», – деп анасы зарын төкті.
Айта кетейік, сенбі күні Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында жоғалған үш адамның бірі, Нұржігіт Үйсінбаевтың денесі 14 метр тереңдіктен табылған болатын.
Ал EC-145 әскери тікұшағының өзі 25 шілде күні Алматы облысында радардан жоғалып кетті. 26 шілдеде тікұшақтың сынықтары Сорбұлақ көлінен табылды. Содан бері, тоқтаусыз іздеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Кеше Қорғаныс министрлігі екінші адамның денесі шығарылғанын хабарлады.
