Астана. 12 тамыз. BM.KZ – Алматы облысында «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру әрекетінен кейін бірқатар шенеунік қызметінен кетті. Бұл туралы Kazinform хабарлады.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, президент әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков қызметінен босатылған. Сондай-ақ, білім басқармасының басшысы Салтанат Бесбаева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов те қызметтерінен кеткен. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс берілген.
Болат Күреңбеков бұл лауазымға 2024 жылдың тамызында тағайындалған. Салтанат Бесбаева білім басқармасын 2022 жылдың маусымынан бері басқарған. Ал Ерік Әбитов ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне 2024 жылдың сәуірінде келген.
Еске салайық, 21 шілдеде «Баганашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіруге әрекет жасалған еді. Оқиғаға байланысты балалар мен қоғам белсенділерінің наразылығын көрсететін бейнежазба әлеуметтік желіде кең таралып, үлкен қоғамдық резонанс тудырды.
