Шымкент. 14 тамыз. BM.KZ — Тілсіз жау Абай ауданы әкімдігі ғимаратының шатырын жалмап, 1200 шаршы метр аумақты күлге айналдырған.
Жергілікті төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 14 тамыз күні сағат 03:19-да «112» құтқару қызметіне Шымкент қаласының әл-Фараби ауданындағы Тәуке хан даңғылы №3 мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимараттан өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт сағат 04:58-де оқшауланып, 05:27-де толық сөндірілген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Оны сөндіруге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 21 техникасы мен 88 қызметкері, Апаттар медицинасы орталығынан 1 техника және 3 маман, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардан 2 техника мен 2 адам жұмылдырылған.
