Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Шымкентке жұмыс сапарымен барды. Онда мәдениет, өнер және ақпарат саласындағы бірқатар жергілікті шығармашылық ұжыммен, мәдениет қызметкерлерімен және қала тұрғындарымен кездесті.
Шара барысында Аида Ғалымқызы ел көлемінде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталып, мәдениет пен ақпарат саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Министр БАҚ саласындағы өзгерістер мен қазіргі заманның талаптарына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары арасында бәсекелестік артып, ақпаратты жедел әрі сапалы жеткізу басты міндетке айналған. Қоғам жаңалықты тек ресми арналардан ғана емес, әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар, дербес медиаресурстар арқылы да жылдам қабылдауға көшкен. Осыған байланысты ақпарат құралдарының саны да жылдан-жылға артып келеді.
Жиын барысында қатысушылар министрге көкейдегі сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың бірі, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін балалар жарыстарын әділ өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, көгілдір экранда жастарды тәрбиелеуге бағытталған, тағылымы мол бағдарламаларды көбейту қажеттілігі айтылды. Көпшілік атақ пен абырой үшін ұйымдастырылатын шоу бағдарламаларды тоқтату туралы да ұсыныс білдірді. Алайда, министр бұл мәселелердің бірден шешіле қоймайтынын, алайда қоғам талабы мен пікіріне әрқашан құлақ асуға дайын екенін жеткізді.
«Мен, министр ретінде сол бағдарламаларды жабуға тырыстым. Бірақ, қоғамның 70%-ы соны өліп-тіріліп қарап отыр. Сондықтан, оны өзіміз көрмей бас тартсақ, сонда ғана жабылады. Жекеменшік БАҚ-ты да бизнес ретінде қарауымыз керек. Табыс тауып отырған соң, өзіміз ақша бермеген соң, оларға тікелей талап қоя алмаймыз. Сондықтан, менің ойымша, тәлім-тәрбиесі мол бағдарламаларға өзіміз көңіл бөліп қарасақ, өз өнімдерін жарнама арқылы сатамын деген кәсіпкерлерге қолдау болады. Мен қазір уәде бере алмаймын. Біреуін жапсақ, атын өзгертіп екіншісі шығады. Олардың көрермені көп», — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, жиын барысында өңірдегі мәдени инфрақұрылымды дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, отандық контент өндірісін қолдау және медиа саласындағы өзекті түйткілдер бойынша ашық пікір алмасу өтті. Айда Балаева айтылған ұсыныстар мен мәселелерді министрлік деңгейінде әріптестерімен бірге қарап, жан-жақты зерделейтінін атап өтті.
