Астана. 18 тамыз. BM.KZ — Оқушыларды бір мектептен екінші мектепке ауыстыру енді eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді болды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ата-аналар мен заңды өкілдер тұрғылықты жері бойынша ғана емес, одан тыс аумақтағы кез келген білім беру ұйымын таңдап, өтінішті онлайн түрде бере алады. Бұл үшін есептен шығару немесе бекіту талондарын, сондай-ақ, жеке іс құжаттарын тапсырудың қажеті жоқ. Өтініш берушілер оқу тілін таңдап, қажет болған жағдайда өтінішін қайтарып ала алады.
Қызметті пайдалану үшін порталға тіркеліп, «Білім» бөлімінен «Балаларды мектептен мектепке ауыстыру» сервисін таңдау, электронды өтінішті толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою жеткілікті. Қызметтің нәтижесі «Жеке кабинетте» қолжетімді болады.
