Астана. 18 тамыз. BM.KZ — Қазақстанда жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттары жоспардан тыс тексеріледі. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарының 49 әуе кемесі тексеріске алынбақ. Жаппай жүретін шара ұшу қауіпсіздігін арттыру мақсатында қолға алынғалы отыр.
Сондай-ақ, жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын бағалайтын ұйымдардың қызметі де қаралмақ.
Сонымен қатар, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ 2025 жылғы 22 маусым мен 17 тамызда болған авиациялық оқиғаларға тікелей қатысы бар әуе кемелері пайдаланушыларының жұмысын тоқтатты.
Айта кетейік, 17 тамызда Ақмола облысында жеңіл моторлы ұшақ құлап, салдарынан екі адам – ұшқыш пен жолаушы – қайтыс болған еді.
