Астана. 18 тамыз. BM.KZ — Жексенбі күні Израильде жүздеген мың адам бүкілұлттық наразылық акциясына шығып, Газадағы тұтқындарды босату жөнінде келісім жасасуды талап етті. Бұл туралы BBC жазды.
Наразылар негізгі жолдарды жауып, пойыз қозғалысына кедергі келтірді. Иерусалим мен Тель-Авивтегі көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Ең ірі шеру Тель-Авивтегі «Тұтқындар алаңында» өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үкіметтің Газаны бақылауға алу жоспары ХАМАС әлі де ұстап отырған шамамен 20 тұтқынның өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху наразылықтарды сынға алып, мұндай әрекеттер «ХАМАС-тың позициясын күшейтіп, тұтқындарды босатуды кешеуілдетеді» деп мәлімдеді.
Сол күні Тель-Авивте арнайы жасақ премьер-министрдің «Ликуд» партиясы штабының жанындағы митингіні күшпен таратты. Бұл акция соңғы 22 айдағы ең ауқымды наразылық ретінде тіркелді.
Сонымен қатар бірқатар аймақта бір күндік бүкілұлттық ереуіл жарияланып, жолдар, кеңселер мен университеттер жабылды. Бір күн ішінде шамамен 40 адам қамауға алынды.
Наразылықтар Израильдің әскери кабинеті Газаның ең ірі қаласын оккупациялау және оның тұрғындарын көшіру жөнінде дауыс бергеннен кейін бір апта өткен соң басталды. Бұл шешімді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі айыптаған еді.
