Астана. 19 тамыз. BM.KZ — Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Comfort Time» ЖШС және онымен байланысты кәсіпорындардың басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу дерегінше, қылмыстық схеманың салдарынан банктерге 399 млн теңге залал келтірілген.
Ұйымдастырушылар бірнеше заңды тұлғаны тіркеп, іс жүзінде еңбек қатынастарында болмаған азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Соның негізінде банктер қарыз алушылардың табысы мен төлем қабілеттілігі туралы жалған мәліметке сүйеніп несие берген.
Берілген несиелер үшін қарыз алушылар ұйымдастырушыларға қарыз көлемінің 10%-ына дейін «сыйақы» төлеп отырған. Көп жағдайда несие алушылар өз міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
Осылайша, барлығы 140 несие қайтарылмай қалған. Қарыз алушылардың басым бөлігі – жұмыссыз азаматтар немесе теріс несие тарихы бар тұлғалар.
Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында анықталды.
