Астана. 21 тамыз. BM.KZ – Алматының «Қайраты» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойында Шотландияның «Селтигімен» тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алғашқы таймда алматылықтар есеп ашқандай болды, алайда капитан Александр Мартыновичтің соққан голы офсайд себебінен есепке алынбады. Үзіліске дейін қос команда да қақпаға тура соққы жасай алмады. «Қайрат» бес рет қақпаға бағыттаса, «Селтик» екі рет сәтті шабуыл жасады.
Екінші таймда шотландиялықтар белсендірек ойнап, бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Дегенмен, кездесудің екінші бөлігі алматылықтардың қақпашысының жарақаттарымен ғана есте қалды. 75-минутта Александр Заруцкий ойынды жалғастыра алмай, орнына Темірлан Анарбеков шықты. Ал ойын соңына таман Анарбековтің өзі оңтүстіккореялық Ян Хен Чжунмен қақтығысып, басынан жарақат алды. Дәрігерлер оған алаңда жедел көмек көрсетті.
Негізгі уақытқа төреші 10 минут қосып берді. Сол аралықта «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтбаев ескерту алып, бұл оның еурокубоктағы үшінші сары картасы болды. Соның салдарынан ол 26 тамызда Алматыда өтетін қарымта кездесуге қатыса алмайды.
Айта кетейік, бұл жұптағы жеңімпаз Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады. Егер «Қайрат» өте алмаса, команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуді жалғастырады.
