Астана. 21 тамыз. BM.KZ — Елорда тұрғындарының қазір өмір сүру ұзақтығы ел бойынша жоспарланған деңгейден 3,5 жылға жоғары, ал 2029 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен 2 жылға асып отыр. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Айнұр Төлеуова мәлім етті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, Астанада әсіресе туберкулезге қарсы күрестегі жетістіктер айтарлықтай жақсарған.
«Аурушаңдық 21,5%-ға, ал өлім-жітім 6,5%-ға азайды. Инсультті емдеуде госпитальдық өлім-жітім 8%-ға төмендеді, ал ауруханадан шыққаннан кейін үйде бір ай ішінде болатын өлім-жітім 32%-ға азайды. Онкологиялық көмекті ерте анықтау үлесі өсіп келеді: қазіргі таңда аурулардың 34,6%-ы бастапқы кезеңде диагностикаланып отыр. Ең тиімдісі осы кезде емдеу», – деді ол.
Сонымен қатар, миокард инфарктісін емдеудегі көрсеткіштер де едәуір жақсарған: барлық пациент ұсынылған 120 минут ішінде тері арқылы коронарлық араласу орталығына жеткізіледі.
Жедел жәрдемнің келу уақыты да қысқарған – шақырулардың 98,1%-ы 40 минут ішінде орындалып келеді.
Мекеме өкілі, сонымен қатар, нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіштеріндегі оң өзгерістерді де атап өтті. Мысалы, тұқым қуалайтын дамудағы ақаулардан болатын өлім-жітім екі есеге төмендеп, 14-тен 8 жағдайға дейін қысқарды. Сондай-ақ, биыл инфекциялық себептерден болатын өлім-жітім тіркелмеген.
