Астана. 22 тамыз. BM.KZ — Астанада тұрғындардың өтініш-тілектері ескеріліп, нүктелік құрылысқа қарсы нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, бүгінде елордада осындай 22 учаске анықталған. Бұған дейін көппәтерлі тұрғын үй кешендері салынбақ болған бұл орындардың орнына енді мектептер, балабақшалар, емханалар, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер бой көтереді.
«Барлық нысан бойынша көрші үйлердің тұрғындарымен және құрылыс салушылармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір екі жоба бойынша іс сотта қаралып жатыр, қалғандарының мәселесі шешілді», – деді әкім.
Мәселен, Косыгин көшесі маңындағы Есіл өзенінің жағалауында көпқабатты тұрғын үй кешенінің орнына гүлзар салу туралы шешім қабылданды. «Copenhagen» тұрғын үй кешені ауданында – алаң, «Nova city» маңында – білім беру орталығы, «Қалалық романс» ауданында мектеп, балабақша және сквер пайда болады.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап қалада инженерлік желілері мен бас жоспары бекітілмеген учаскелерге құрылыс жүргізуге рұқсат берілмейді.
«Егер құрылыс компаниясы толық техникалық шарттарсыз құрылыс бастаса, жұмыс дереу тоқтатылады және ол компания жосықсыз мердігерлердің қара тізіміне енгізіледі», – деді Жеңіс Қасымбек.
