Астана. 22 тамыз. BM.KZ — Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жүргізіледі. Бұл бастама балаларға түрлі өмірлік жағдайда қауіпсіз әрекет етуге үйретіп, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жеке қауіпсіздік сабақтары балабақшалардан бастап колледждерге дейінгі барлық білім беру сатысын қамтиды. Әр жас тобына арналған арнайы мазмұн мен тақырыптар әзірленген. Мәселен, балабақшада балалар жедел қызметтер нөмірлерін жаттап, ойын және демалыс алаңдарында қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін меңгереді. Ал, бастауыш сынып оқушыларына судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас, қаңғыбас иттерден қорғану секілді тақырыптар түсіндіріледі.
Орта буын сыныптарында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, интернеттегі қауіпті әуестенулерден сақтану, бейтаныстардың ұсыныстарынан бас тарту және жеке жауапкершілік мәселелері қамтылады. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері қаржылық сауаттылық, интернеттегі алаяқтардан қорғану, онлайн-ойындардағы тәуекелдер, еңбек қауіпсіздігі, өз құқықтары мен міндеттерін білу бойынша білім алады.
Сабақтар әр аптада сынып сағатының аясында 10 минуттан өткізіліп, жылына үш рет қайталанып отырады. Бұл тәсіл оқушылардың алған білімін тұрақты түрде жаңғыртып, оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында үш кезеңнен тұратын мониторинг жүргізілді. Оның барысында педагогтер мен психологтар үшін вебинарлар мен әдістемелік кеңестер ұйымдастырылып, ішкі істер органдары, Төтенше жағдайлар министрлігі және денсаулық сақтау саласының өкілдері жұмылдырылды. Оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі интерактивті әдістер, яғни анкета, жобалар, бейнероликтер қолданылды.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын азайтып, қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыруға елеулі ықпал етеді.
«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын төмендетіп, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады және оларды өмірдегі, онлайн ортадағы күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, бұл сабақтар 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен амандығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жоспар аясында енгізілген.
