Астана. 25 тамыз. BM.KZ — Кипрдің оңтүстігінде тұтанған орман өртінде құтқарушылар өртенген көліктен екі адамның мүрдесін тапқан. Жергілікті БАҚ мәліметінше, көлік 77 жастағы әйелге тиесілі болған. Құрбандардың екеуі де ауыл тұрғыны, қарт ерлі-зайыпты болуы мүмкін. Бұл туралы BBC жазды.
Өрт сәрсенбі күні түстен кейін Лимасол аймағындағы Малиа ауылында басталған. Жалын 100 шаршы шақырымнан астам аумақты жайлап, үйлерді қиратты. Ондаған адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Жалынды ауыздықтауға 250-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Күшті жел мен аптап ыстық тілсіз жаудың таралуын қиындатып отыр. Елдің Метеорология департаменті бейсенбі күні ауа температурасы құрлықта +44°С-қа дейін көтерілетіні жөнінде дабыл қақты.
Кипр Өрт сөндіру қызметі қазір өрттің белсенді ошақтары жоқ екенін, алайда кей жерлерде қайта тұтанулар байқалып жатқанын хабарлады. Бірнеше ауыл электр жарығынсыз және салқындатқышсыз қалған.
Кипр билігі Еуропалық Одақтың азаматтық қорғау механизмі арқылы көмек сұрады. Испания бейсенбіде екі өрт сөндіру ұшағын жібермек. Сондай-ақ, Иорданиядан және тағы да Испаниядан қосымша әуе техникалары күтіліп отыр.
Өрттің әдейі қойылғаны жөнінде куәгерлердің айғақтары полицияға тапсырылды.
