Астана. 26 тамыз. BM.KZ — Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында еліміздегі жылу электр орталықтарының жағдайына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, Қазақстанда жылу маусымында жұмыс істейтін ең ірі деген 37 ЖЭО бар. Былтыр олардың 19-ы «қызыл аймақта» болған. Ал биыл бұл сан 10-ға азайды.
«Қазір қай ЖЭО нашар екенін айтсам, саладағы әріптестерім ренжіп қалар. Бірақ бірнешеуін атап өтейін. Мысалы, Арқалық, Тараз, Степногор ЖЭО-лары индикатор бойынша әлі қызыл аймақта тұр. Дегенмен ондағы тозу факторлары мен кадрмен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда. Жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр», – деді вице-министр.
Есімхановтың айтуынша, былтыр «қызыл аймақта» тұрған 19 ЖЭО-ның 9-ы қазір «сары аймаққа» өтіп болған. Бұл салада мақсатты жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, елімізде сонау 1937 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, 70-жылдары салынған ЖЭО-лар бар екенін атап өтті. Олардың ішінде ең нашары қайсы екенін нақты айту қиын. Дегенмен белгілі бір критерийлер бойынша жағдайды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Оның сөзінше, жылу желілерінің орташа тозу көрсеткіші бүгінде 54-56%-ды құрайды. Алайда Павлодар секілді кейбір өңірде бұл көрсеткіш 70%-дан асады. Сондықтан аталған аймақтарға қаржыландыру көлемі артқан. Қаржыландыру бұған дейін тариф пен бюджет есебінен жүзеге асса, алдағы уақытта ұлттық жоба арқылы да қолдау көрсетілмек.
Министрлік мақсатты көрсеткіш ретінде 2029 жылға дейін ЖЭО мен жылу желілерінің орташа тозуын 40%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
