Алматы. 27 тамыз. BM,KZ — Алматының «Қайрат» футбол клубы тарихи жетістікке жетіп, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы Sports.kz жазды.
Квалификация барысында қазақстандық команда Словенияның «Олимпиясын» (3:1), Финляндияның КуПС клубын (3:2) және Словакияның «Слованын» (1:1, пенальти — 4:3) жарыстан шығарды. Ал плей-офф кезеңінде Шотландияның әйгілі «Селтигін» (0:0, пенальти — 3:2) ұтып, сенсация жасады.
Осы нәтижесі үшін «Қайрат» 18,62 миллион еуро (шамамен 11,6 миллиард теңге) көлемінде сыйақы алды. Сонымен бірге топтық кезеңдегі әрбір жеңіске 2,1 миллион еуро (1,3 миллиард теңге), тең ойынға 700 мың еуро (436 миллион теңге) беріледі.
Кеше Алматыда өткен жауапты матчта «Қайрат» «Селтиктен» басым түсіп, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.
