Астана. 28 тамыз. BM.KZ — Миннеаполис қаласында 27 тамыз күні жеке католиктік бастауыш мектепте атыс болып, екі бала қаза тапты. Полиция мәліметінше, 8 және 10 жастағы екі оқушы көз жұмған. Тағы шамамен 20 адам, көбі бала, түрлі жарақат алған. Бұл туралы DW жазды.
Қайғылы оқиға таңғы сағат 8:30 шамасында, мектеп шіркеуінде өтетін таңғы құлшылық кезінде болған. Қара киім киген шамамен 20 жастағы ер адам қолындағы мылтық, аңшы қаруы және тапаншамен шіркеу терезесінен балаларға және басқа да жиналғандарға оқ атқан.
Оқиғадан кейін қылмыскер мектеп алдындағы автотұрақта өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір оның мектепке қатысы, бұрын сотталған-сотталмағаны белгісіз. Полиция күдіктінің жалғыз әрекет еткенін айтады, бірақ қылмыстың себебі анықталған жоқ.
Миннеаполис қалалық полициясының басшысы Брайан О’Хараның айтуынша, оқиға орнына жедел қызметтер мен тергеу тобы жұмылдырылды.
АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында қанды оқиға туралы хабардар екенін, қазір ФБР қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына дұға етуге шақырды.
