Астана. 28 тамыз. BM.KZ – Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында «Қарасора – 2025» жедел алдын алу іс-шарасын жалғастырып жатыр. Бұл шара есірткі айналымына, соның ішінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді егу мен өсіруге қарсы бағытталған.
Полиция дерегіне қарағанда, Жамбыл облысында ұсталған 40 жастағы жергілікті тұрғынның ауласынан табылған каннабис өсімдіктерінің саны 144 түп болып, үйінен алынған кептірілген және кептірілмеген марихуананың жалпы салмағы 239 келіні құраған.
Ұлытау облысында қолға түскен азаматтан алынған марихуана мен гашиштің салмағы 20 келіден асқан.
Қарағанды қаласында тоқтатылған оңтүстік өңірлерден жеткізілетін есірткі арнасымен ұсталған 75 жастағы ер адамның жанынан табылған гашиш пен марихуананың салмағы 10 келі шамасында болып, көлігінен шыққан қосымша екі брикет марихуананың салмағы 20 келі шамасында анықталған.
