Астана. 29 тамыз. BM.KZ – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуына арналған жиында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Конституцияның ел үшін тарихи әрі ерекше құндылық екенін атап өтті.
«Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы», – деді Президент.
Ол қазақ халқының ежелден заңға құрметпен қарағанын еске салды
«Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес», – деді Қ. Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жұртымыз дала заңынан қазіргі Конституцияға дейін тарихи жолды еңсерді. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланып, білікті заңгерлер шоғыры қалыптасты.
