Шымкент. 29 тамыз. BM.KZ – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өз өтініші бойынша қызметінен кетті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Ол бұл лауазымға ақпан айында тағайындалған еді.
Руслан Берденов 1985 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қала басшысының экс-орынбасары “Іскерлік басқару магистрі, қаржылық менеджмент маманы” мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен КИМЭП университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы “Procter & Gamble LLP” компаниясында бастаған. Бұған дейін бірнеше ірі кәсіпорындарда басшылық қызметтер атқарды. Ал кейінгі жылдары ҚР Парламенті VIII шақырылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.
Еске сала кетейік, осы жылдың сәуір айында Руслан Берденовты әкімдік алдында атып кеткен еді. Күдікті ретінде “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС басшысы Ернар Жиембай құрықталған. Ол жәбірленушіге бірнеше рет оқ атқан. Салдарынан Берденовке 5 сағат ота жасалғанмен денесінде 60-тан аса пытыра қалып қойған. Осыған байланысты Жиембайдың үстінен адам өлтіруге оқталу бабымен сот процесі жүргізіліп, 9 жылға сотталды.
