Ұлытау. 3 қыркүйек. BM.KZ – Есірткілік затты сатқан Telegram-дүкен жұмысына тосқауыл қойылды.
Ұлытау облысында прокурорлар «Kaef Mafia» Telegram-дүкенінің қызметіне талдау жүргізген. Нәтижесінде, еліміздің аумағында синтетикалық есірткі заттарын байланыссыз тәсілмен өткізген ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады.
Қылмыстық схема «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүзеге асырылған.
«Тергеу барысында есірткі заттарына төлем қабылдау үшін қолданылған 200-ден астам «дропперлік» карта, сондай-ақ қылмыстық схеманы үйлестірген 4 Ресей мен Украина азаматтары анықталды. Күдіктілердің 3 қамауға алынып, 4 іздеуге жарияланды. Олардың қатарында қаражатты шетелге криптовалютаға шығарып отырған тұлға да бар. Қазіргі уақытта екі «есірткіні жасырын қойып таратушыға» қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, заңсыз есірткі айналымынан түскен 3,2 млрд теңге көлеміндегі активтер тәркіленіп, сот шешімімен мемлекет кірісіне өткізілді»,-деп жазылған мәлімдемеде.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Telegram-дүкен банктік карталар арқылы төлем қабылдауды тоқтатты. Қалған қатысушыларға қатысты тергеу амалдары жалғасуда.
