Астана. 4 қыркүйек. BM.KZ — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздің ақпарат алаңында тараған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен бизнесмен Гаджи Гаджиевтің ұсталуына қатысты ақпаратқа пікір білдірді.
Министрдің сөзінше, бұл расталмаған ақпарат.
«Ақпарат таратқанда оның шынайылығын тексеру міндетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы және журналистік этика бар екенін естен шығармау қажет. Көбіне расталмаған «хайп қуған» деректерге еремін деп, журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауға тиіс», – дейді Аида Балаева.
Соған байланысты әріптестерді кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді орындауға шақырған. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Артынша Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі де ресми мәлімдеме жасап, жаңалық шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Сондай-ақ, мұны журналистік этика мен еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу деп санайтынын жеткізді.
Айта кетейік, расталмаған ақпарат бүгін кейбір ресми БАҚ пен анонимді телеграм-арналарда тараған еді.
