Астана. 9 қыркүйек. BM.KZ — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, органның негізгі жұмыс қорытындыларымен және алдағы жоспарларымен танысты.
Кездесуде бірқатар маңызды нәтижелер баяндалды. Мәселен, агенттік 24 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компанияларды әшкерелеп, есірткі саудасы мен алаяқтықтан түскен табысты жылыстатқан 20 заңсыз криптобиржаның қызметін тоқтатқан. Сондай-ақ, ТМД аумағындағы ең ірі криптосервис жойылып, ол арқылы 9,7 млн АҚШ долларына тең виртуалды активтер бұғатталған.
Сонымен бірге, 720 қылмыстық іс аяқталып, 15 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде 3 трансұлттық топ таратылған.
Одан бөлек, 17,1 млрд теңге көлеміндегі мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекеті тоқтатылып, заңсыз темекі өндірген 2 жасырын цех пен суррогат алкоголь жасайтын 16 цех анықталғаан. Көлеңкелі айналымнан 12 млрд теңгенің вейп өнімі алынған.
Жалпы құны 164 млрд теңгені құрайтын 63 инфрақұрылымдық жобадағы бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуы мен ауыл шаруашылығындағы 11 млрд теңге субсидияның тиімсіз игерілуіне тосқауыл қойылған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 млрд теңгенің заңсыз шығарылғаны анықталған.
Азаматтардың қаржылық мүдделерін қорғау аясында заңсыз микронесие беру фактілері бойынша 23 іс тергеліп жатыр. Шығыны — 71 млрд теңге. 300 мыңнан астам қарыз алушының берешегін қайтару және есептен шығару жұмыстары жүргізіліп келеді.
112 мыңнан астам азаматты тартқан 45 қаржы пирамидасы таратылып, алаяқтық жобалар мен құмар ойындарға қатысты 31,5 мың сайт пен сілтеме бұғатталған.
