Маңғыстау облысы Шетпе ауылында балаларды мектепке тасымалдау мәселесі ата-аналардың қатты алаңдаушылығын тудырып отыр. Олардың айтуынша, сыйымдылығы 30 орындық автобустарға күніне 60-тан 80-ге дейін оқушы отырғызылады. Соның салдарынан балалар дем жетпей қиналып, кейбірі есінен танып қала жаздайды, жолда құсып қойған жағдайлар да болған. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, мәселе №7 Ащыбұлақ лицей-мектебі жабылғаннан кейін туындаған. 1 қыркүйектің алдында апатты деп танылған мектепте 1600-ге жуық оқушы білім алған. Соның ішінде 950 бала амалсыздан Шетпенің «Жаңа орпа» шағынауданындағы №6 орта мектепке ауыстырылған. Алайда ата-аналар жаңа мектепте не балаларға, не мұғалімдерге жағдай жасалмағанын айтады.
Қазір екі мектеп бір ғимаратта оқып жатыр. Соның кесірінен сабақ үш ауысымға бөлінген: №6 мектептің оқушылары бірінші ауысымда, ал №7 мектептен ауысқандар екінші ауысымда білім алып жатыр.
«Бұл бір үйге басқа бір әулетті қоса көшіріп әкелгенмен тең», – дейді ауыл тұрғындары мектептің шамадан тыс толып кеткенін айтып.
Ең үлкен түйткіл – балаларды тасымалдау болып отыр. Мыңға жуық оқушыға бар болғаны үш автобус қызмет көрсетеді. Автобустар күніне 2-3 рет қатынағанымен, мәселе шешілмей келеді. Балалардың жартысы сабаққа кешігеді, ал кейбірі мектепке дейінгі 4 шақырымды жаяу жүріп барады.
«25-30 орындық автобустарға 60-80 баланы тықпалайды. Салдарынан балалардың жағдайы нашарлап, есінен танған кездері де болды. Бұған қоса, қауіпсіздік мәселесі де бар. Автобустар оқушыларды халық көп жүретін жолдың қарсы бетіне түсіреді, ал ол жерде жаяу жүргінші өткелі жоқ. Балалар жолды жүгіріп өтуге мәжбүр», – дейді ата-аналар.
Жағдайды жеңілдету үшін көлігі бар ата-аналар тек өз балаларын ғана емес, көршілерінің балаларын да жеткізіп жүр. Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше рет әкімдікке шағымданғанымен, әзірге билік нақты шешім ұсынып отырған жоқ.
