Астана. 11 қыркүйек. BM.KZ – Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесуде жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мән-мазмұны жайында мәлімет берді. Онда парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.
«Ашығын айтқанда, бұл реформа саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді. Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады. Жалпыұлттық референдум өткізу туралы ұсыныс бұл тұжырымдаманың өміршеңдігін көрсетеді. Еліміздің болашағына қатысты шешімдерді бірлесіп қабылдау қажет. Сол себепті мен саяси жоспарларымыз туралы алдын ала айтамын. Бұған дейінгі реформалар кезінде де, АЭС құрылысына қатысты референдум өткізгенде де осы ұстанымнан айныған жоқпыз», – деді Президент.
