Атырау. 12 қыркүйек. BM.KZ — Атырауда ерекше оқиға болды. Балалардың таласына ашуланған әйел үш жасар қыздың үстінен полицияға арызданған. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы жазды.
Оқиға былай болған. Қаланың бір дәмханасында үш жастағы қыз ойыншық шаңсорғышты қолына алады. Оны бес жастағы қыз тартып алмақ болған. Дегенмен арада он минут өтпей, балалар қайтадан бірге ойнай бастаған.
Алайда бес жастағы қыздың анасы бұл «бейбастақтыққа» шыдай алмаған болу керек, айқайлап «қызыңызға әдеп үйретіңіздер!» деп дүрсе қойып, үш жасар баладан көпшілік алдында кешірім сұратуды талап еткен. Тіпті, полицияға арызданған.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Органның хабарлауынша, арыз қараусыз қалдырылған.
«Бала үш жасқа толмағандықтан, оған қатысты арыз қабылданбайтыны түсіндірілді. Ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
