Астана. 12 қыркүйек. BM.KZ – Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Президентке елдегі заң үстемдігінің жай-күйі мен прокуратура қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмыс нәтижелері баяндалды.
Берік Ноғайұлы арнайы прокурорлардың қоғамда резонанс тудырған және мемлекет мүддесіне, сондай-ақ, азаптауға қатысты аса маңызды қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, биыл арнайы прокурорлар сотқа 55 қылмыстық іс жолдап, соның негізінде 112 адам сотталған. Тағы 80 іс соттардың қарауында жатыр. Арнайы прокурорлар тексерген істер бойынша жалпы сомасы 14,4 млрдтеңге залал өтелді. Қылмыстық жолмен тапқан кірістерді іздестірудің жаңа тәсілдері мен оны ел экономикасына пайдаланудың перспективасы жөнінде мәлімет ұсынды.
Қозғалған қылмыстық істер бойынша жалпы құны 105 млрдтеңге болатын мүлікке тыйым салынды. Соның ішінде прокурорлар басқа да құқық қорғау органдарымен бірге тек есірткіге қарсы істер бойынша 12 млрдтеңгеге жуық активтерді қолға түсірген.
Сондай-ақ, екі жыл ішінде прокуратура органдары арқылы 850 млрдтеңгенің активтері қайтарылды. Бұл қаражат өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысан салуға жұмсалады. Бүгінде 60 ғимараттың құрылысы аяқталған.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында және бизнесті белсенді қолдау үшін Бас прокуратураға қарасты ведомствоның атауы өзгермек. Жаңа формат инвестицияға оңтайлы жағдай жасап, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
