Шымкент. 12 қыркүйек. BM.KZ — Түркістан облысында өз әкесін аяусыз соққыға жыққан азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға салдарынан қарт адам ауыр жарақат алған. Қауқарсыз қартты ұрып соққан азаматтың видеосын көршілері телефонға түсіріп алған. Қазіргі уақытта, күдікті қамауға алынды. Онымен бірге, жанында болған әйелге қатысты да сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Қарт адамның қайтыс болу фактісі бойынша Түркістан облысы ПД Шардара ауданының полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір ол сот санкциясымен қамауда отыр. Сонымен қатар әйеліне қатысты ҚР ҚК-нің «Ұрып-соғу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау, оның ішінде қылмыстық процеске қатысушылардың барлығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру бойынша тергеу жүргізілуде. Олардың нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады»,-деп хабарлады Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, осыдан бір апта бұрын бұрын әлеуметтік желіде жантүршігерлік видео тараған болатын. Бейнежазбадан ер азаматтың зейнеткерді көше бойы сүйреп, аяусыз ұрып-соғып, аузы-мұрнын қан-жоса еткенін көрген болатынбыз. Жағымсыз жағдай, Түркістан облысы Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында орын алған. Кейіннен таяқтың астында қалған қария қайтыс болған. Бұл туралы жергілікті әкімдіктің мамандары растаған болатын.
Айта кетейік, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бабы бойынша, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
