Алматы. 15 қыркүйек. BM.KZ — «Қайрат» ФК УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға билет сату тәртібі мен мерзімдерін жариялады.
«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеті 23 қыркүйек күні Алматы уақытымен 17:00-де клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығады. Бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен артық сатып алуға болмайды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексеріледі.
«УЕФА-мен келісілген және барлық ойынға бірыңғай болып белгіленген билеттің бағасы 30 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін болады. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді», – деп жазылған хабарламада.
Абонемент иелеріне өз орындарын алдын ала және тиімді бағаға сатып алатын мүмкіндік беріледі. Ticketon қызметкерлері сатылым басталғанға дейін алдын ала хабарласып, орындарды сатып алу бойынша толық ақпарат береді.
Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінеді. Олар «Қайрат» академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ, клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі. Белгілі бір квота клуб демеушілеріне қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында қарастырылған.
«Желіде билеттің алдын ала сатылымы туралы жалған ақпарат таралып жатқанын ескертеміз. Билетті тек ресми арналардан, яғни клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатып алуыңызды сұраймыз. Осылай ғана алынған билет түпнұсқа болып, стадионға кіру құқығын береді», – делінген хабарламада.
