Астана. 17 қыркүйек. BM.KZ – Telegram негізін қалаушы Павел Дуров қазанда Астанаға келіп, Digital Bridge форумында сөз сөйлейді.
Қазақстанның Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Павел Дуровтың пленарлық отырыста сөз сөйлейтінін растады. Оның айтуынша, 2 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.
Пленарлық отырыста Павел Дуровтан бөлек, БАӘ-нің жасанды интеллект мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Сұлтан әл-Олама, Стэнфорд профессоры Илья Стребулаев, Sinovation Ventures компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Кай-Фу Ли, Стэнфорд ғылыми қызметкері, Google компаниясының зерттеу жөніндегі директоры Питер Норвиг сөз сөйлейді. Отырыс модераторы қызметін Solana Foundation президенті Лили Лю атқарады.
Digital Bridge 2025 – Орталық Азиядағы цифрлық технологияларға, жасанды интеллектке (ЖИ), стартаптарға және инновацияларға арналған технологиялық форум. Форум Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын технологиялық хаб ретінде таныстырады және технологияны тұтынудан оны жасауға, жүзеге асыруға және экспорттауға көшуге ықпал етеді.
