Астана. 17 қыркүйек. BM.KZ – АЭХА Бас конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмас Сәтқалиев Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гроссимен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды. Әсіресе атом электр станциясын салу жоспарына, инфрақұрылымды жетілдіруге, сондай-ақ ядролық технологияларды өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және денсаулық сақтау саласында қолдануға баса назар аударылды.
Рафаэль Гросси Қазақстанның қадамдарының жүйелілігі мен дәйектілігін атап өтіп, Агенттіктің ядролық бағдарламаның барлық кезеңінде – алаңды таңдаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейін кешенді қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, уран ресурстарын ұтымды пайдалану, әлемдік нарыққа тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету және ұлттық мүдделер мен халықаралық міндеттемелер арасындағы теңгерімді сақтау мәселелері қарастырылды. Қазақстан тарапынан АЭС салу үшін халықаралық консорциум құру, бірқатар зерттеу жобаларын жүзеге асыру және жоғары байытылған отынды қауіпсіз сақтауға арналған нысанды іске қосу жоспарлары хабарланды.
Тараптар 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен «жол картасын» әзірлеуге уағдаласты. Құжат АЭХА-ның салалық департаменттерімен жүйелі өзара іс-қимылды, миссиялар мен іс-шараларды өткізуді көздейді.
Кездесу қорытындысында Қазақстан АЭХА Бас директорына елімізге ресми сапармен келіп, диалогты жалғастыру әрі екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жөнінде ресми шақыру жолдады.
