Астана. 18 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстандық диджей әрі музыкалық продюсер Иманбек Зейкенов тағы да Grammy сыйлығына үміткер атанды. Оның есімі кеше GRAMMY AWARDS-тың ресми сайтында жарияланды.
Бұл жолы – ол Latin Grammy марапатының «Ең үздік латын электронды музыкалық орындау» номинациясына «Quiere Techno» композициясымен енген.
Салтанатты марапаттау рәсімі 13 қарашада Лас-Вегас қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.
Иманбектің жаңа жетістігі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қолданушылардың қолдауына ие болды. Әсіресе шетелдік жанкүйерлер жылы лебізін білдіріп жатыр.
«Тағы да Grammy», «Құты болсын, Иманбек», «Сен ең үздіксің», «Жарайсың», – деп пікір қалдырған желі қолданушылары.
Айта кетейік, 2021 жылы Иманбек әлемге танымал америкалық рэпер SAINt JHN-нің “Roses” трекіне жасаған ремиксі үшін негізгі Grammy сыйлығын иеленген еді. Осы жетістігі арқылы ол Қазақстан тарихында алғаш рет беделді музыкалық марапатқа қол жеткізген өнерпаз атанды.
