Астана. 19 қыркүйек. BM.KZ – Израиль әскері Газаның ішкі бөлігіне қарай жылжып, халықтың жаппай көшуіне мәжбүр етіп жатыр. Соққылар салдарынан әуе және интернет байланысы үзіле бастаған, деп хабарлайды Euronews.
Израиль әскери деректеріне сәйкес, ӘӘК мен артиллерия бөлімшелері осы аптада қалаға 150-ден астам соққы жасаған. Нәтижесінде, Израильдің мәлімдеуінше, ХАМАС әскери бақылау пункттері ретінде пайдаланған биік ғимараттар қиратылған.
Айтуларына қарағанда, мақсаты ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын жою, бірақ шабуылдың нақты мерзімі аталмады. Израиль әскері Газаны ХАМАС билігінің орталық торабы деп сипаттап отыр.
Дүйсенбіде басталған құрлық операциясынан бері ЦАХАЛ дерегі бойынша шамамен 500 мың палестиналық Газа қаласынан кеткен.
Сектордағы аурухана қызметкерлерінің хабарлауынша, сәрсенбіге қараған түні Израиль әуе соққылары салдарынан кемінде 16 адам, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқан. Ал ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, анклавтағы жалпы қаза тапқандар саны 65 062 адамға жеткен. Министрлік олардың ішінде қаншасы бейбіт тұрғын, қаншасы жауынгер екенін нақтыламағанымен, қаза тапқандардың шамамен жартысын әйелдер мен балалар құрайтынын мәлімдеді.
