Астана. 22 қыркүйек. BM.KZ – Ел президенті жұмыс сапарымен Нью-Йоркте жүр, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары канадалық Cameco трансұлттық компаниясының басшысы Тим Гитцельмен кездесуден басталды. Әңгіме барысында уран саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен, Educational Testing Service (ETS) президенті әрі бас атқарушы директоры Амит Севакпен кездесті және Смитсон институтының басшылығымен келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші мерейтойлық сессиясының Жалпы пікірталастарында сөз сөйлейді.
Бұған қоса, Президенттің шетел мемлекеттері басшыларымен және халықаралық ұйымдар жетекшілерімен келіссөздері жоспарланған.
Сапар бағдарламасына сондай-ақ дөңгелек үстелде сөз сөйлеу және трансұлттық компаниялар өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізу кіреді. Бұл кездесулерде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылады.
