АСТАНА. 22 қыркүйек. BM.KZ – Канада, Австралия және Ұлыбритания бірнеше минут айырмашылығымен Палестина мемлекетін мойындағанын жариялады. Одан кейін жексенбі күні кешке Португалия да осындай шешім қабылдады. Бұл туралы BBC орыс қызметі жазды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жауап ретінде видеоүндеуін жариялаған.
«Бұл болмайды. Иордан өзенінің батысында ешқандай палестиналық мемлекет құрылмайды», – деді.
Бұған дейін Франция, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Бельгия және Португалия жыл сайынғы БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы басталғанға дейін Палестина мемлекетін мойындайтынын хабарлаған болатын. Сессия дүйсенбі күні ашылады.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер видеоүндеуінде:
«Бүгін біз палестиналықтар мен израильдіктер үшін бейбітшілікке үмітті қайта оралуына және екі мемлекет негізінде шешім табылуына ықпал ету мақсатында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындаймыз», – деді.
Ал Канада премьер-министрі Марк Карни X-тегі парақшасында жариялаған мәлімдемесінде:
«Канада Палестина мемлекетін мойындайды және Палестина мен Израиль мемлекеттерінің бейбіт болашағын құру жолында әріптестігін ұсынады», – деп жазды.
