Астана. 22 қыркүйек. BM.KZ – Қарағанды облысының полициясы ірі көлемдегі екі браконьерлік деректі тіркеді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Осакаров ауданындағы рейд кезінде Теміртау қаласының екі тұрғыны ұсталды. Олардың көлігінен жалпы салмағы 120 келіден асатын бұғы еті табылған. Күдіктілерде рұқсат құжаттары болмаған, сондай-ақ олардың қару-жарағы тәркіленді.
Ал Нұра ауданында «Охотзоопром» инспекторлары мен полиция қызметкерлері бірлескен рейд жүргізді. Нәтижесінде Астана қаласының үш тұрғыны мінген көліктен төрт киіктің бөлшектелген еті табылды. Олар да рұқсатсыз аң аулаған, тінту барысында қару мен пышақтар алынды.
Аталған деректер бойынша заңсыз аңшылық және сирек кездесетін жануарларға қатысты құқықбұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғалды.
