Астана. 23 қыркүйек. BM.KZ – Парижде өткен «Алтын доп – 2025» салтанатты марапаттау рәсімінде маусымның үздік футболшылары мен командалары анықталды.
Ерлер арасындағы басты жүлдені алғаш рет «Париж Сен-Жермен» ойыншысы, Франция құрамасының шабуылшысы Усман Дембеле иеленді. Ал әйелдер арасында Испаниялық «Барселона» құрамасының жартылай қорғаушысы Айтана Бонмати үшінші жыл қатарынан «Алтын допты» жеңіп алды.
Бұл кеште тек басты марапаттар ғана емес, қосымша жүлделер де табысталды. Жылдың үздік жас ойыншысына берілетін Kopa Trophy ерлер арасында «Барселонаның» жас жұлдызы Ламин Ямальға, әйелдер арасында осы клубтың тағы бір талантты өкілі Вики Лопеске берілді.
Үздік қақпашыға берілетін Yashin Trophy ерлер арасында «Манчестер Ситидің» қақпашысы Джанлуиджи Доннаруммаға, әйелдер арасында «Челсидің» қақпашысы Ханна Хэмптонға бұйырды. Ал ең көп гол соққан ойыншыға табысталатын Gerd Müller Trophy ерлерде «Арсеналдың» шабуылшысы Виктор Гёкереске, әйелдерде «Барселона» ойыншысы Эва Пажорға берілді.
Жылдың үздік клубтары да марапатталды: ерлер арасында «Париж Сен-Жермен», әйелдер арасында «Арсенал» клубы озық шықты.
Ерлер футболында Луис Энрике (ПСЖ) үздік бапкер атанса, әйелдер футболынан Англия құрамасының бас жаттықтырушысы Сарина Вигман жеңімпаз атанды.
Осылайша 2025 жылғы «Алтын доп» тарихта алғаш рет ерлер мен әйелдер футболында тең дәрежеде номинациялар табысталған ерекше шара ретінде есте қалды.
