Астана. 23 қыркүйек. BM.KZ – Ресейдің «Сагарчин» шекара бекетінің маңында мобильді топ қызметкерлері Қазақстаннан шыққан «ГАЗель» автокөлігінен 34 дрон мен бір квадрокоптерді тәркіледі, деп хабарлайды Ресей Федералдық кеден қызметі.
Тексеру барысында көліктен бейнежазба түсіруге арналған FPV-дрондар табылған. Олар камералармен жабдықталып, тікелей эфирде бейне тарата алады. Сондай-ақ екі FPV-қанат «Ключ-Фортуна» және 32 ұшатын құрылғы құрастыратын жиынтықтар болған. Құжаттарда бұл жүк көрсетілмеген.
Көлікті жүргізген ер адам дрондардың өзіне тиесілі екенін және оларды жеке бейнетүсірілім үшін пайдаланатынын мәлімдеген.
Алайда алдын ала сараптама нәтижесінде құрылғылардың жүк (5 кг-ға дейін) тасымалдауға бейімделген ұшақ түріндегі аппараттар мен барлау дрондары екені анықталды. Кейбір үлгілер жүк тастауға арналған құрылыммен жасалған.
Кеден қызметінің мәлімдеуінше, мұндай көлемдегі дрондар жеке мақсаттарға арналмаған және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
