Астана. 23 қыркүйек. BM.KZ – Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев Үкімет отырысында астық жинау барысына арналған алдағы ауа райы болжамын таныстырды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Синоптиктердің дерегінше, 23-30 қыркүйек аралығында еліміздің астықты аймақтарында жауын-шашын жиілеп, егін жинауға қолайсыз жағдай туындамақ.
Дәлерек айтсақ Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында апта бойы жаңбыр жауады.
Ақтөбе облысында – 26-30 қыркүйек, Батыс Қазақстанда – 25-29 қыркүйек, Қарағанды мен Ұлытау облыстарында – 27-30 қыркүйек аралығында жаңбырлы ауа райы болмақ.
Павлодар облысында – 23-25 және 28-30 қыркүйекте, ал шығыста – 23-24 және 29-30 қыркүйекте жауын-шашын күтіледі. Бұл күндері қатты жел соғып, түнде қырау түсуі мүмкін.
Қазан айында ауа райы көбіне қалыпты деңгейде болады. Ал батыста, оңтүстік-батыста және оңтүстік бөлікте әдеттегіден жылы болады.
«Еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерінде бір ай бойы жиі жауын-шашын түсуі ықтимал. Айтылған болжамдарды ескере отырып, астық жинауға қолайлы кезеңдерді тиімді пайдалану қажет деп есептейміз», — деді Нұркен Шәрбиев.
