Астана. 24 қыркүйек. BM.KZ – Атырауда халықаралық деңгейдегі жастар форумы – «Saraishyq Upgrade 2025» өтті. Шара креативті индустрияға арналған пікірталас, мәдени алмасу мен ынтымақтастық алаңына айналды.
Форумды Атырау облысы әкімдігі Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізді. Онда панельдік пікірталастар, секциялық кездесулер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылған.
Кинематография, музыка, маркетинг, театр және сахналық өнер, хореография, IT және жасанды интеллект бағыттары бойынша жастардың жобалары сынға түсіп, үздіктері марапатталды.
Жалпы жиынға еліміздің барлық өңірінен келген жастармен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан делегаттар қосылып, барлығы 300-ге жуық қатысушы бас қосты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум жастар дипломатиясын нығайтып, жаңа идеялар мен креативті бастамаларды халықаралық деңгейде дамытуға жол ашады.
— Бұл екі күндік форум еліміздің креативті индустриясына тың серпін беретініне сенеміз. Жастарымыз тек шикізат пен өндіріс саласы емес, өздерінің ақыл-ойы мен креативті бастамалары арқылы да ел экономикасына үлес қосуға болатынын дәлелдеуде. Осы ортаға жиналған креаторлар Қазақстанды жаңа деңгейге көтеруге өз үлестерін қосатынына сенімдімін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін,– деді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
