Астана. 24 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры, халықаралық іздеуде жүрген Мақсат Дүйсенов Германияның Фюрт қаласында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ІІМ мәліметінше, ол Интерполдың ҚР Ұлттық орталық бюросының сұрауы негізінде Германия құқық қорғау органдары тарапынан қолға алынған.
«ІІМ Интерполдың ҰОБ сұрауы бойынша Фюрт қаласында (ФРГ) халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Д. ұсталды. Ол неміс құқық қорғау органдарының көмегімен анықталып, қамауға алынды», – делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Министрлік шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жалғасып жатқанын, жазадан бұлтармаушылық қағидасын қамтамасыз ету негізгі мақсат болып қала беретінін атап өтті.
Бұған дейін Алматы қаласының Алмалы ауданы полиция басқармасы прокуратура бастамасымен Мақсат Дүйсеновке іздеу жариялаған еді.
Еске сала кетейік, Бас прокуратура бұрын Қайрат Қожамжаровтың «Қорғас ісіне» қатыстылығын растаған болатын.
